ЖИТС орталығында «АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша озық тәжірибені бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау» атты семинар өтті
1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай өткізілетін дүниежүзілік науқан аясында Шымкент қалалық ЖИТС орталығында бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) өкілдерінің қатысуымен «ЖИТС-ті жеңу қолжетімділікті қамтамасыз етуден басталады» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараны ашқан ЖИТС орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қ. Маширов ЖИТС-ті жеңу ақпараттандырудан, алдын алудан және емдеу қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуден басталатынын атап өтті. Семинар барысында Шымкент қаласындағы АИТВ инфекциясының эпидемиологиялық жағдайы, 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған науқан аясында атқарылған іс-шаралар, сондай-ақ Жастар денсаулығы орталығының мақсаттары мен жетістіктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар БАҚ өкілдеріне ЮНЭЙДС ұсынған АИТВ тақырыбын жариялауда қолданылатын терминология жөніндегі нұсқаулық түсіндірілді. Іс-шара барысында журналистер АИТВ инфекциясына қатысты білім деңгейін анықтауға арналған тест тапсырды. Сондай-ақ оларға халықтың негізгі топтарына (секс-жұмыскерлерге, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлерге, инъекциялық есірткі тұтынатын адамдарға) қатысты кемсітушілікке жол бермейтін және стигма мен кемсітушіліктің алдын алуға бағытталған дұрыс терминология таныстырылды.
ЖИТС орталығының маманы Э.С.Ахмедова

