Түркістанда Түркістан облысының туберкулезге қарсы қызметіне 100 жыл толуына арналған «Туберкулезге қарсы күрестегі жаһандық және өңірлік үрдістер» атты халықаралық ғылыми - практикалық конференция өтті. Аталмыш іс - шараға еліміздің медицина мамандары, сала ардагерлері мен денсаулық сақтау саласының өкілдері қатысты.
Іс - шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Е.К.Алтаев: «Ғасырлық тарихы бар бұл орталық - халқымыздың денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек еткен бірнеше буын дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің табанды еңбегінің көрінісі. Бұл - оңай жол емес, сан мыңдаған тағдырға араша түскен, үміт отын жаққан, өмір сыйлаған қасиетті жол. Туберкулез - ғасырлар бойы адамзатқа қауіп төндіріп келген күрделі ауру. Бірақ осы дертпен күресте біздің өңіріміздің фтизиатр - дәрігерлері үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл - сіздердің кәсіби біліктілік адамға деген шынайы жанашырлық және адал қызметтің нәтижесі», - деп дәрігерлерді мерейлі мерекемен құттықтады.
Конференция барысында туберкулезге қарсы күрестегі өңірлік тәжірибе мен әлемдік үрдістері талқыланып, сала ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталды.
Шымкент қаласының ЖИТС орталығының фтизиатр дәрігері К.С.Узакова фтизиатрия саласының дамуы мен беделін арттыруға қосқан үлесі және АИТВ жұқтырған науқастардың арасында туберкулез диагностикасын алдын алу және емдеуде сіңірген еңбегі үшін еліміздегі туберкулезбен күрес қызметінің қалыптасуына арналған 100 жылдық мерейтойына орй құрмет грамотасымен марапатталды.
Құрметті Күмісай Садуакасқызы, Сізді туберкулезге қарсы қызметке 100 жыл толу мерейлі мерекеңізбен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да табыстар мен биік жетістіктерге жете беруіңізге тілектеспіз!

