Елімізде 12-16 мамыр аралығында «Репродуктивті денсаулық» апталығы өтуде. Іс шараның мақсаты — азаматтардың репродуктивті денсаулығын қорғап, салауатты өмір салтын насихаттау.
Репродуктивті денсаулық апталығының ұлт болашағы үшін маңызы зор. Атап айтқанда жасөспірімдер арасында жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау туралы хабарлайды.
Аталмыш апталық аясында Жастар денсаулық орталығының ұйымдастыруымен Шымкент қаласының медициналық ұйымдары бірлесе отырып, жастардың сүйікті демалыс орны – Арбатта акция өткізді. Акцияға қаланың 9 жастар денсаулық орталығы қатысты.
Іс-шара барысында гинеколог, уролог, терапевт, педиятор, репродуктивтолог мамандары жастарға жалпы халыққа репродуктивті денсаулықтың маңыздылығы жайында, оны сақтау үшін қандай шаралар қолдану керек, қандай мамандарға жүгіну керек т.б. ақпараттар берді.
Акция барысында Шымкент қаласы ЖИТС орталығының мамандары АИТВ инфекциясын алдын алу және наша тұтыну мәселелері, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды ауруына байланысты «таңба басу», қоғамнан аластатуды алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акцияға келушілерге және жастарға тест-жүйелерін пайдалана отырып, АИТВ инфекциясын жедел анықтау жүргізді. Халықтың арасында ақпараттық парақшалар таратты.
«Репродуктивті денсаулық апталығының» үшінші күні денсаулық сақтау басқармасының белгіленген арнайы кестесі бойынша №13 поликлиникада ЖИТС орталығының мамандары бірлесіп, «Жыныстық жолмен жұғатын ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу» – тақырыбында «Ашық есік» күнін өткізді.
Іс-шара барысында ЖИТС орталығының мамандары келушілерге жыныстық жолмен жұғатын аурулар (ЖЖЖА) және репродуктивтік денсаулық туралы кеңес берді, АИТВ-ға жедел тест алды. Сонымен қатар жанасуға дейінгі (ЖДП) және жанасудан кейінгі профилактиканың (ЖКП) АИТВ инфекциясының алдын алуда орасан зор рөлі жайында түсіндірме жұмысын жүргізіп, ЖДП ұсынды. Науқастарды жүйелі түрде тексеріліп, уақтылы ем алуға шақырды.
№6 қалалық емханасы Жастар орталығының бөлім меңгерушісі Т. Ерланқызы: «Жастар денсаулық орталығының жұмыс жасау мақсаты жастар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы мен психикасын сақтау. Жастардың жыныстық білімдерін көтеру, организмдерінде болатын горманалды өзгерістерді дұрыс түсінуге, жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды, ерте жүктілікті алдын алу үшін яғни репродуктивті денсаулықты қорғау үшін жұмыс жасаймыз. Отбасын құруға қалай дайындалу керектігі жайында кеңес береміз» - деп, ұйымдастырылған іс шараның бағытын айтып өтті.