Оңтүстік өңірінде оба, тырысқақ, конго-қырым қанды қызбасы, сібір жарасы (күйдіргі) сияқты аса қауіпті жұқпалы аурулардың табиғи ошақтары кездеседі. Одан бөлек безгек (малярия) тасымалдайтын масалар мекендейін су қоймалары, жылы климаты олардың көбейіп, кең таралуына қолайлы.
Инфекциялық ауруларды алдын алу мақсатында Шымкент қаласының ЖИТС орталығында «Аса қауіпті инфекциялық аурулардың (оба, тырысқақ) алдын алу» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Шымкент обаға қарсы күрес станциясының маманы Л.М. Атовуллаева өткізді.
Семинардың мақсаты: орталықтың мамандарына инфекциялық аурулардың (оба, тырысқақ) алдын алу бойынша санитариялық - эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарымен таныстыру, емдеу-профилактикалық мекемеде аса қауіпті және карантиндік инфекциялар тіркелген жағдайда шұғыл әрекет ету жолдарын түсіндіру, инфекцияларға қарсы қорғаныс киімдерін кию, шешу тәсілдерін үйрету.
Л.М. Атовуллаева семинар барысында аса қауіпті инфекциялар – халық арасында өлім-жітімнің сондай-ақ табиғатта ауру қоздырғыштарының резервуары болып табылатын жануарлар (кеміргіштер, ұсақ сүтқоректілер, құстар), буынаяқтылар, қансорғыш жәндіктер мен кенелерден таралатынын, клиникалық белгілерін, берілу механизмін, алдын алу шараларын слайдтарды қолдана отырып түсіндірді. Емдеу-профилактикалық мекемеде аса қауіпті және карантиндік инфекциялар тіркелген жағдайда шұғыл әрекет ету жоспарына назар аударды, обаға қарсы 1 типті, тырысқаққа қарсы 4 типті қорғаныс киімдерін кию және шешу тәсілдерін практикада көрсетті. Сонымен қатар мамандардың сұрауы бойынша Л. Мадарасимовна солақай дәрігер қорғаныс киімін қалай кию керектігін көрсетті.
ЖИТС орталығының профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ұ.С. Байдилдаева:
- «аса қауіпті инфекциялармен күресу – бұл тек медицина саласында ғана емес, қоғамның барлық салаларында қамтылған өзекті мәселе. Сондықтан әрбір дәрігер жедел жоспар мен хабарлау схемасына сәйкес аса қауіпті және карантиндік инфекцияларға күдікті науқас тіркелген жағдайда профилактикалық және санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды толық жүргізе отырып, қажетті медициналық көмек көрсетулері тиіс» - деп аталмыш іс-шараның маңыздылығына баса назар аударды.