Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, медициналық мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты. Жиынның негізгі мақсаты – АИТВ инфекциясының таралу қаупін төмендету, алдын алу шараларын күшейту, құқық қорғау органдары мен медициналық мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мінез-құлықтың қауіпті факторларын азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу.
ЖИТС орталығының бас дәрігері Б. Сырбек алғы сөзінде АИТВ-ның алдын алу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, Шымкент қаласындағы 5 түзету мекемесінде 3000-ға жуық сотталған адамның 73-і АИТВ жұқтырғанын, олардың антиретровирустық терапия алатынын айтты. Сонымен қатар, қосалқы аурулар мен вирусты гепатиттердің зертханалық диагностикасы ұйымдастырылғанын атап өтті.
Профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі У. Байділдаева АИТВ-инфекциясының алдын алу шаралары нақты бұйрық пен бірлескен шешімдерге сәйкес жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін айтты.
Кездесу барысында сотталғандардың денсаулығын сақтау, алдын алу шараларын күшейту және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. ЖИТС орталығының эпидемиолог дәрігері Р. Әбиева өңірдегі эпидемиологиялық жағдаймен таныстырып, қылмыстық-атқару жүйесінде жүзеге асырылуы тиіс алдын алу шаралары туралы баяндама жасады.
Қылмыстық атқару жүйесінің санитарлық дәрігері Э. Мұсаева сотталғандар мен күдіктілер арасында медициналық тексерулердің маңыздылығын атап өтті.
№2 қалалық аурухананың эпидемиолог дәрігері Н. Төреханов зертханалық тексеру барысында кездесетін қиындықтар мен оларды шешу жолдары туралы бөлісті. Полиция басқармасының санитарлық бөлімінің дәрігері Л. Давидянц уақытша ұстау изоляторына түскен адамдарды АИТВ-ға тестілеу кезінде туындайтын мәселелерге тоқталды.
Талқылау барысында құқық қорғау және медицина мекемелері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сотталғандарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ АИТВ жұқтырған адамдармен жұмыс істеу барысында сақталуы тиіс қауіпсіздік шаралары қарастырылды.
Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторының бастығы Б. Абдуллаев қорытынды сөзінде:
– «Бүгінгі жиында өте маңызды мәселелер көтеріліп, олардың бірқатары шешімін тапты. Болашақта осындай кездесулерді ұйымдастыру ортақ мәселелерді тиімді шешуге көмектеседі», – деп атап өтті.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша сотталғандар арасында профилактикалық жұмысты жақсарту, түсіндіру жұмыстарын күшейту және қауіпсіздік шараларын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Бұл бастама сотталғандардың денсаулығын сақтау мен қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.