2025 жылдың 22 мамыры мен 1 маусымы аралығында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған онкүндік аясында Шымкент политехникалық колледжінде 1 курс студенттері арасында «Балалардың денсаулығы – ел саулығы» тақырыбында дәріс өткізілді.
Дәріс барысында Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігерлері – М.Г. Моисеева және Р.К. Дәулетқұлова 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында салауатты өмір салты, өскелең ұрпаққа адамгершілік-этикалық және жыныстық тәрбие берудің маңыздылығы туралы мағлұматтарға баса назар аударып, денсаулықты күту мен қолдаудың, аурудың алдын алудың маңыздылығына тоқталды. Студенттерге АИТВ-инфекциясының алдын алу шаралары, АИТВ-оң статусы бар адамдарға қатысты стигма және кемсітушілік туралы ақпарат берді.
Студенттердің тарапынан қойылған сұрақтар талқыланып, бейнероликтер көрсетілді, сауалнама және интерактивті ойын өткізілді, оның мақсаты материалды қалай меңгергенін көру, балаларға өздерінде бар ақпарат пен білімді дұрыс пайдалана білудің, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін көрсету болды.
Кездесу соңында дәрігер М.Г.Моисеева: «Денсаулық – бақуатты өмір сүрудің басты факторы. Оны сақтауда - аурулардың, оның ішінде АИТВ және ЖЖБИ-ді алдын алу, білім беру, қоғамның қолдауы маңызды. Салауатты өмір салты болашақ ұрпақтың денсаулығын, өмір сүру сапасын анықтайды. Сіздер, жас ұрпақ, мемлекетіміздің болашағысыздар және біздің болашағымыз сіздердің денсаулықтарыңызға байланысты», - деп қорытындылады.
Студенттер АИТВ-инфекциясының таралуы, оның алдын алу және салауатты өмір салты мәселелеріне қатысты өз ойлары мен көзқарастарын білдірді.
1 курс студенті: «Дәріс пайдалы, берілген ақпараттар қолжетімді және түсінікті болды. Шымкентте Жастар орталықтары және ЖИТС орталығында Достастық кабинеті бар екенін білдік. Лекторлар АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы, денсаулыққа ұқыпты және жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы туралы сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар жүргізілген ойындар қызықты және танымды болды. Ақпараттарыңыз үшін көп рақмет» - деп ризашылығын білдірді.