Адамның иммун тапшылық вирусын (әрі қарай АИТВ) жұқтырған адамда бастапқыда ешбір ауру белгілері байқалмайды. Кейде қысқа мерзімді тұмау тәрізді синдром белгілері пайда болуы мүмкін. Әдетте, инфекцияның симптомсыз кезеңі ұзаққа (ондаған жылға) созылады. Ауру үдеген жағдайда адамның иммунды жүйесі әлсіреп, иммунитет қызметі қалыпты адамдарда бола бермейтін оппортунист ( жұқпалы аурулардың үлкен тобы) инфекциялар мен ісіктер пайда болуы мүмкін. АИТВ-ны анықтаудың жалғыз әдісі-қанды зертханада тексеру, яғни арнайы әдіспен қоздырғышқа қарсы денелерді анықтау. Алайда АИТВ-инфекциясы анықталса, ол - өмір тоқтады, ешқандай жол жоқ дегенді білдірмейді. Шымкент қаласының ЖИТС орталығы АИТВ жұқтырған науқастарды толық тексеруден өткізіп, вирусқа қарсы дәрілермен ем тағайындайды.
Вирусқа қарсы терапияны тағайындаудағы мақсаты:
1.Ағзадағы вирустың мөлшерін барынша азайту;
2. АИТВ жұқтырған анадан сау бала дүниеге әкелу мүмкіндігі:
3. Өмір сүру сапасын жақсарту және өмір жасын ұзарту;
4. Басқа адамдарға жұғу қаупін төмендету.
Бұл вирусқа қарсы дәрілер - вирустың клеткаға ену, қорғаныш жүйесін зақымдау және вирустың көбеюі сатыларына әсер ететін 3 компоненттен тұрады.
Науқасқа вирусқа қарсы дәрілермен ем тағайындалғанда, дәрілерді уақтылы үзбей ішу керектігі ескертіледі. Біздің орталықта вирусқа қарсы дәрілермен емдеу 2005 жылдың мамыр айынан басталған. Ем барысында әр науқастың қосалқы ауруларына байланысты схема белгіленеді. Өз тәжірбемнен вирусқа қарсы дәрілерді уақтылы қабылдап, отбасын құрып, дені сау балалы болып, тіпті немере сүйіп өмір сүріп жатқан адамдардың барын айта аламын. Қазіргі заманауи дамыған медицина көмегімен сапалы әрі ұзақ өмір сүруге әр адамның мүмкіндігі бар. ЖИТС орталығында кеңес алу, емделу ТЕГІН жүргізіледі.
Б.С.Бақтыбаева Шымкент қаласы ЖИТС орталығының
инфекционист дәрігері


