Алматы қаласында Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы мен Жаһандық қор бірлесіп, «Өмір үшін бірлік» атты АИТВ саласындағы медициналық мекемелер және үкіметтік емес ұйымдардың әріптестік диалогын ұйымдастырды.
Іс-шараға Әлия Шайзадақызы Рүстемова, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі, Роза Тоқтанәліқызы Қуанышбекова, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, медицина ұйымдарының бас дәрігерлері мен қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Талқылау кезінде тестілеуді кеңейту, үздіксіз терапиямен қамтамасыз ету, емге бейілділікті арттыру және стигманы төмендету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін күш-жігерді біріктіру қажеттігі атап өтілді.
ҚДИАҒО директоры Роза Қуанышбекова:«Тек ашық диалог пен ресурстарды біріктіру арқылы ғана біз АИТВ инфекциясының таралуына тиімді қарсы тұрып, пациенттердің өмір сапасын жақсарта аламыз. Бүгінде елде ЮНЭЙДС-тің «95–95–95» стратегиясының көрсеткіштері: АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 87%-ы өз мәртебесін біледі, олардың 89%-ы антиретровирустық терапия алады, ал ем қабылдап жүргендердің 92%-ында вирустық жүктеме басылған», – деп атап өтті.
Диалог алаңы барлық мүдделі тараптардың арасындағы іс-қимылды үйлестіруге, тәжірибе алмасуға және әріптестікті дамытуға мүмкіндік беретін тиімді платформаға айналды.
Іс-шара барысында Шымкент қаласының ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы үкіметтік емес ұйымдармен тиімді серіктестік орнатып, Қазақстан Республикасында АИТВ-инфекциясының алдын алу бағытында жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізгені үшін еліміздегі жетекші ғылыми ұйым – Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының жоғары алғысымен марапатталды.
Бұл жетістік – Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласындағы тұрақты дамуы мен сапалы қызметінің айқын көрсеткіші.
Автор: Э.Ахмедова Шымкент қаласы ЖИТС орталығының маманы

