Адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) анадан балаға берілуі бүгінгі күнде өзекті мәселе. АИТВ-ның табиғи жұғу жолдарының бірі анадан балаға вертикальді жолмен - жүктілік, босану, емізу кезінде берілуі мүмкін. Дегенмен қазіргі уақытта заманауи медицинаның жетістігінің арқасында осындай қиындықтарды алдын алуға барлық мүмкіндік бар. Яғни жүкті әйелдер 2 рет (жүктілік бойынша және 28-30 апта мерзімінде есепке қою кезінде), жыныстық серіктестері 1 рет (жүкті әйелді есепке қою кезінде) міндетті түрде, тегін тексеруден өтеді.
2025 жылдың маусым айында АИТВ-мен өмір сүретін әйел ауыр жағдайда ЖИТС орталығына есепке алынған. Жүктілігінің алғашқы аптасында (11 апта) вирустық жүктемесі өте жағарғы көрсеткіште болған. Жүктілігі анемиямен асқынған (гипохромды анемия 1 дәрежесі), құрсақ суы бұлыңғыр, бір жақты вентрикуломегалия, УДЗ скринингінен өткенде, екі бүйректің жоғарғы уретралық жолдарының кеңеюі байқалған. АИТВ инфекциясының анадан балаға берілу қауіпі өте жоғары болуына байланысты, әйелге тұрғылықты жері бойынша тіркелген емханамен бірлесіп консилиум өтті. Консилиумға емхананың гинекология бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары, жалпы тәжірибелік дәрігер, мейіргер, ЖИТС орталығының бас дәрігері, бас дәрігердің орынбасары, инфекционист, гинеколог, терапевт дәрігерлері қатысты. Гематолог дәрігердің кеңесінде болды.
Нәтижесінде науқасқа оңтайлы ем тағайындалып, дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Тиімді жүргізілген емнің арқасында науқастың жағдайы жақсарып, қыркүйек айының 8 күні аман-есен, дені сау бала дүниеге әкелді. Нәрестенің жағдайы жақсы, өмірінің бірінші күні 1 - ші ПЦР сынамасы АИТВ-ға алынып, Алматы қаласындағы Референс-зертханаға жіберілді, нәтижесі қанда АИТВ анықталмады.
Қазіргі уақытта нәрестеге AРВ дәрілік сироп тағайындалып, 6 апталық профилактикалық курсын алуда. Одан әрі 18 айға дейін ол ЖИТС орталығының бақылауында болады.

